КІРІСПЕ Қазақстанның болашағы
қазақ тілінде.
Н.Ә.Назарбаев
Тіл байлығы - әрелдің мақтанышы.
Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңында: «Тіл-ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениетінің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты
қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы – тілдің дамуына, оның қоғамдық
қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» делінген.
Әрбір елдің күші, байлық-бақыты экономикалық даму денгейімен ғана емес, сонымен
бірге мәдени, рухани өрісімен айқындалады. Ал мәдени өре, рухани талғам деген
халықтың ақыл-ойының көрінісі тілге тікелей тәуелді екені белгілі.
Тіл халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа
жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз,
ана тіліміз-қазақ тілі.
Бірақ қазір көптеген жастар тілімізді шұбарлап, өз ана тілінде тұрпайы сөйлейді. Мұндайларды
көргенде, К.Г. Паустовскийдің: «Туған
тіліне жаны ашымаған адам-жәндік» деген сөзі ойға оралады.
Ахмет Байтұрсынов «Сөз өнерінің
ғылымы» атты еңбегінде сөз талғамының бірден бір шарттары ретінде Сөз
дұрыстығы мен Тіл тазалығын алға қояды. «Тіл тазалығы дейтініміз,-дейді А.Байтұрсынов,-ана тілдің сөзін басқа
тілдің сөзімен шұбарламау»... .
ХХІ ғасырда ақпараттар тасқыны тасып тұрған
заманда әлем халықтарының алдында әр түрлі мәселелер туындай бастады. Ұлттық құндылықтар мен рухани байлықтан гөрі ақшаны басты деп санаушылар да жетіп артыла бастады. Міне, осы кезде рухани
байлығымыз-ана тіліміздің басына да қатер төнуде. Әлемде кейбір ұлттардың тілі
жұтылып, жойылып жатыр. Қазір болашағын
ойлаған әрбір ұлт өз ана тілінің тазалығын сақтап қалу мақсатында күресіп
жатыр. Бірақ, сан мыңдаған жылдық шежіресі бар қазақ
тілінің басына жұтылу қаупі түспесе де, шұбарлану арқылы жаңарып санаға сол
қалпы сіңісіп бара жатыр. Бұл біздің әдеби тілімізге төнген қауіп болып отыр.
Оған дәлелді алыстан іздемедім.
Күнделікті достарымыздың ортасындағы қарым-қатынас тіліне қарасам, мағынасы
таяз қысқа жауаптар, кең толғанып ойын еркін, анық жеткізе алмайды, достарымен сыр
бөлісудің өзі шұбар тілмен ғана жүзеге асады.
Егер бұл мәселеге салғырт қарайтын болсақ,
тілдің буылуы, ойдың тұйықталуына әкеліп соғады. Тұйықталған ойдан тыңғылықты
іс, салиқалы жауап, салмақты пікір, селт еткізер сөз, ұшқыр қиял, ең бастысы
сапалы білім шықпайды, себебі барлық
білім-ғылым тіл арқылы жүзеге асары баршамызға аян. Бабалардан қалған
ұлағатты асыл сөздерімізді терең түсінер
адам саусақпен санарлық болып қалуы мүмкін екенін білгеніміз жөн.
Таза сөйлеу –ой айқындығының белгісі. Сөзі
дұрыстың-ойы да дұрыс болмақ. Шешендікті қадірлеген халық «Адам аласынан сөз
аласы жаман, от шаласынан сөз шаласы жаман» дегенде, ана тілінің байлығын
бағаламай, туған тілінде тілінде таза сөйлей алмаған адамдардың қойыртпақ
тіліне қынжылып айтса керек.
Осы мәселенің маңыздылығы маған зерттеу
жұмысыма «Тіл тазалығы-ой тазалығы» атты
тақырыпты таңдауыма себеп болды және зерттеу нысаны ретінде мектеп оқушыларының
сөйлеу тілі қарастырылады. Себебі, елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: « Елімізді 2030 жылы барысқа
айналдыратын күш-бүгінгі мектеп партасында отырған оқушылар мен жастар»-деген
Зерттеу мақсаты: оқушылардың тіл
мәдениетінің төмендеу себебін, деңгейін анықтау, тіл тазалығын сақтауды насихаттау арқылы көркем ойлауды дамытуға арналған тиімді тәсілдерді табу.
Зерттеудің міндеттері:
тіл мәдениетінің төмендеу деңгейін анықтау; оқушылардың тіл
мәдениетінің төмендеу себебін анықтау; тіл тазалығын сақтау мәселесінің
тиімді шешімдерін қарастыру;
тіл тазалығын сақтауда ұсынылған тәсілдердің тәжірибе жүзінде нәтижелі екенін тексеру.
ТІЛ МӘДЕНИЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Тіл мәдениеті ұғымына түсінік.
Тілдің көмегімен өнерді, білімді, ғылымды
игереміз, өткен-кеткенімізді саралап, сабақ аламыз. Тіл арқылы рухани
байлығымызды меңгереміз, өзіміз танып қана қалмай, сол асыл қазыналарымызды
әлемге танытамыз, әлемді танимыз. Сондықтан адам баласының байлығының бірі-сөз
өнері. «Өнер алды-қызыл тіл» деген аталы сөздің астарында қаншама сыр бар?!
Тіл мәдениеті ұғымына Қазақ Совет энциклопедиясында мынадай
анықтама берілген: «Тіл мәдениеті-кісінің
бойындағы мәдени қасиеттердің бірі, қоғамдық мәдениеттің бір компоненті. Тіл
мәдениеті ауызекі тілдің орфоэпиялық нормасын, сөз қолдану, сөздерді тіркестіру
заңдылықтарын, сөйлем құрау ерекшеліктерін дұрыс пайдалану және жазба тілде
емлеге, тыныс белгілерін қолдануға байланысты ерекшеліктерді толық сақтап,
сауатты жазу мәселелерін де қарастырады.»[6,261б.].
Зерттеуші М.Балақаев өзінің тіл мәдениетін тереңінен зерттеген еңбектерінде тіл
мәдениетінің негізгі принципі деп сөйлемдердің, жеке сөздердің тыңдаушыға,
оқушыға бірден түсінікті болу керектігін көрсетеді. Зерттеуші жазуда, сөйлеуде адам ойына қажетті сөз таңдағанда олардың стильдік ерекшеліктерін ескеруді айтады. Тілдік норманы қалыптастыру,
сауаттылық, тіл тазалығы, сөздерді дұрыс айту, дұрыс жазу тіл мәдениетінің
басты талаптары ретінде тұжырымдалады.[2, 27б.]
«Тіл мәдениеті дегеніміз - сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес,
сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне
шыныққандық», - деп анықтама береді Н.Уәлиев өзінің
«Сөз мәдениеті» атты еңбегінде. [2,17б.].
Ал тілші-ғалым Р. Сыздықова: «Тіл мәдениеті дегеніміз - сөздерді дұрыс орнымен қолдану
(лексикалық), дұрыс құрастыру (синтаксистік), дұрыс қиюластыру (морфологиялық),
дұрыс дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп
жұмсау(лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру», -
дейді [3,24-25].
«Тіл мәдениеті» негізінен «Сөз мәдениеті», «Сөзді орынды қолдану» деген ұғымды білдіреді. Өйткені, тіл
мәдениетінің негізгі зерттейтін объектісі - сөз, сөздің дұрыс айтылуы,
дұрыс жазылуы, дұрыс қолданылуы, сол арқылы ойдың айқын, әсерлі жетуі, екі
ұштылықтың, күңгірттіктің болмауы.
1.2 Тіл байлығы - сөз байлығы. Ал сөз байлығы әр адамның лексикасындағы
қолданылатын сөздердің санымен байланысты болғанымен, негізгі байлық – ой
байлығы, сол сөздерді қиюластырып, әсем де әсерлі ой мұнарасын қалай білуде.
Себебі сөзді көп біліп, бірақ оны орынды, ойлы, образды жұмсай алмасаң, одан не
пайда? Ал сөзге көп мағына сыйғызып, әр сөздің парын, мән-мазмұнын, стильдік
бояуын дөп басып беру ойлау қабілетімен, оның шығармашылық сипатымен ұштасып
жатады. Ал ой байлығына жету үшін тіл дамуының кешегісі мен бүгінгісін,
лексикалық қабаттың баю, толығу жолдарын, тілде пайда болған жаңа құбылыстардың
өміршеңдігін, бір сөзбен айтқанда, тілдің ішкі, сыртқы мүмкіншілігін жақсы
меңгеріп, оған қамқорлықпен, жанашыр көзбен қадағалап отыру керек. Яғни, тіл үнемі
дамып, жаңарып, көнеріп отырады. Бірақ тіл өзінің тереңнен нәр алған тазалығын
сақтап отырған. Қазіргі таңда қазақ тіліндегі лексиканың өзгеру
себептерін төмендегі сызбадан көре аламыз.
Елбасы: «Қазақстан халқы үш тілді жетік меңгерген
және барлық әлемге жоғары білімді ел ретінде танылуы керек» деген еді.
Ендеше осы жетік меңгеру деген сөзді санамызға сіңіре алмай тіліміздің шұбарлануына жол берудеміз. Ал қазақ халқының тілінің келешегі мектеп оқушыларында. Көптеген ғылыми-педагогикалық
әдебиеттерді, мерзімді баспасөз ақпараттарын талдап-зерттей келе, бүгінгі
күнгі оқушылардың сөз саптауы
көңіл аударарлық, көпшілігінің
тіл мәдениеті төменгі деңгейде деген
қорытынды жасауға болады. Олар өз ойларын дұрыс, түсінікті етіп
жеткізе алмайды, «жаңағы», «әлгі», «немене», «неғып», «мысалы» деген басы артық
бос сөздерді көп қолданып, ойын шашыратып жібереді. Кейбірі
орысша сөздерді
қосып, араластыра
сөйлесе, бірі жаргонмен,
диалектілермен сөйлегенді сән көреді. Бұл мәселе туралы көптеп айтылып
та, жазылып та жатыр.
Мысалы педагогика ғылымының докторы И. Нұғыманов
пен 3. Қашқынбаева: «Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске
асыруда сөйлеу тілін, әрекетін, сөйлеу мәдениетін, әдебін қалыптастыру
педагогиканың қазіргі кездегі көкейтесті мәселелерінің бірі болып
табылады» - дейді.
«Ана тілін жақсы білу - әркімнің азаматтық борышы. Егер әр бір сөзді орнымен жұмсай
біліп, айтқан ойы мазмұнды, нысанаға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдаушысын
баурап алардай әсерлі болса, ана тілінің құдіреті сонда ғана сезілер еді. Ал
мұндай шеберлік тек тіл мәдениеті жоғары адамдардың ғана қолынан келер жайт» -
деп тұжырымдайды М.Балақаев.[2, 27б.]
«ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ АРҚЫЛЫ КӨРКЕМ ОЙЛАУ»
ТӘЖІРИБЕЛІК ЖҰМЫС
2.1 Оқушылардың тіл нормалары деңгейіне сипаттама.
Зерделеудің келесі кезеңінде қазіргі мектеп
оқушыларының арасында тіл нормасы қандай деңгейде екенін анықтау мақсатында
төмендегідей сауалнама жүрілді.
Қатысушылар саны: 76 Оқу тілі: орыс тілі-15; қазақ тілі-61 Ана тілің: қазақ | |||
1. Аты-жөні: 2. Сыныбы: 3. Оқу орны: | |||
№ |
Сұрақтары |
Иә |
Жоқ |
1 |
Сабақта толық қазақша сөйлейсің бе? |
61 |
15 |
2 |
Үзілісте достарыңмен таза қазақша сөйлесесің бе? |
14 |
62 |
3 |
Отбасыңда таза қазақша сөйлесесің бе? |
33 |
43 |
4 |
Кештік дискотекаларда қазақ тілінде сөйлесесің бе? |
7 |
69 |
5 |
Әдеби кітап, көркем әдебиет оқисың ба? |
13 |
63 |
6 |
Ұялы телефондардың бағдарламасы қазақ тілінде ме? |
5 |
71 |
7 |
Сөйлегенде жаргондар қолданасың ба? |
76 |
- |
8 |
Қазір оқушылар арасында қазақ тілі деңгейі ауызекі сөйлеу тілінде жоғары ма? |
|
76 |
Бұдан оқушылар арасында тіл
тазалығы деңгейінің төмендеу құбылысы жоғары екенін байқауға болады.
Жазушы Ә. Әбішев жастардың тіл мәдениеті
туралы былай дейді: «Жастар ізденбейді, ағаларын оқымайды, олар қазақ әдебиетін
оқымайды... Жастар сөйлемді әдейі бұзып жазады, олар ерекшеліктің белгісі
түсініксіз жазу деп ойлайды... Тіл мәдениетінің төмен болуына ғылыми-техникалық
прогрестің де әсері бар"[8,5 б.]
И. Нұғыманов: «Оқушылардың
тілінде болатын кемшіліктердің себептері:
1. Ортаның әсері; а) оқушының
сөйлеуіне жергілікті тіл немесе басқа тіл әсер етеді, ә) көшенің әсері (дөрекі,
былапыт тіл),
2. Сөйлеу дағдыларының жоқтығы (мектептің тіл дамытуға немқұрайлы қарауы);
3. Жекелеген оқушы тіліндегі кемшілік (сақаулық, быдықтық, мыңғылдық, т.б.)» - деп көрсетеді.
Оқушылардың тілінде болатын кемшіліктердің
себептерін тереңдеп талдау үшін төмендегі сұрақтар негізінде №2 сауалнаманы жүргізу керек./қосымша-1/
|
Сұрақ |
Жауаптар көрсеткіші | |
1 |
Қандай әдеби кітап оқисың? |
Толық шығарма-25 |
Үзінді-52 |
2 |
Сол көркем шығармадан ұнаған кейіпкер бар ма? |
Иә- 77 |
|
3 |
Қандай балаларға арналған басылымдарды оқисың?(газет, журнал) |
Ақжелкен-8 Балдырған-9 Айгөлек-10 |
Жоқ-50 |
4 |
Қазақстандық қазақ тіліндегі сериалдарды көресің бе? |
Жоқ 77 |
|
5 |
Қай елдің телесериалдарын көресің? |
Түрік, корей, орыс, шетел сериалдары |
|
6 |
Күнделікті сөйлеу тілінде мақал-мәтелдерді қолданасың? |
Иә-23 |
Жоқ-54 |
7 |
Ең көп қолданатын мақал-мәтеліңді жаз. |
Жазған-29 |
Жазбаған-48 |
8 |
Кімге еліктейсің? Неге? |
Қазақ жұлдыздарына-58 |
әртүрлі-19 |
9 |
Қандай киноларды жақсы көресің? |
Шетел кинолары-60 |
Қазақ кинолары-17 |
10 |
Сөйлегенде орыс тілінен сөздер қосасың ба? |
Иә-77 |
0 |
11 |
Жаргондарды қайдан үйренесің? |
достарымнан |
студенттерден |
12 |
Ғаламторда қазақ тіліндегі сайттарды көп қолданасың ба? |
Жоқ |
|
13 |
Агентте қай тілде сөйлесесің? |
Шұбар тілде-70 |
Таза қазақша-7 |
14 |
Жаргондармен сөйлеуге қалай қарайсың? |
Құптаймын-25 Сәнді-20 Қызық үшін-22 |
Құптамаймын-10
|
15 |
Мәдени орындарға көп барасың ба? |
Жауап толық емес |
|
16 |
Өтілген ісшаралар туралы достарыңмен пікір алысу деңгейі қандай? |
орташа |
|
17 |
Шұбар тілмен сөйлегеніңе ата-анаң қалай қарайды? |
Ұнамайды-23
|
Бәрібір-31 Қарсы емес-23 |
Нәтижесі: жаргондармен сөйлеуге қарсылар саны-10,
Жаргондармен сөйлеуді құптаушылар саны:67
Оқушылардың жауаптарын салыстыру
мақсатында ғаламторды шарлауға тура келді. Әр түрлі мысалдар қарастырып, тіл
тазалығы тақырыбындағы мақалалармен таныстым. Ғаламтордағы пікірлесу
бөлімдеріндегі жастардың әңгімелері тұнып тұрған грамматикалық қате, оңды-солды
қолданылған мағынасыз сөздер. Ең
сорақысы осыған ешкім ескерту жасамайтыны қынжылтады. Сөз бостандығы дегенде жеткен
жеріміз осы болды.
Көптеген зерттеуші, ғалымдардың
еңбектерін, мерзімді баспасөз ақпараттарын талдай келе, оқушылардың тіл
мәдениеті деңгейін анықтау мақсатында жүргізілген сауалнама, әңгімелесу,
байқауларды негізге ала отырып, оқушы жастардың тіл мәдениетінің төмен болуының
себептері деп, төмендегідей саралауға болады:
1. Көркем әдебиет оқуға деген оқушылардың
қызығушылығының төмендігі. Тіл
мәдениетіне жастарды тәрбиелеу көркем әдеби
шығармаларын көптеп оқумен байланысты. Көркем әдебиетті аз оқитын адамның
сөздік қоры аз болады, соған орай олардың сөйлеу мәдениеттілігі мен өз ойын
логикалық баяндауы да төмен екендігі байқалады;
2. Мәдени орталықтарға бару, ол туралы пікірлесудің өте сирек кездесетіндігі;
3. Ата-аналардың балаларының тіл мәдениетіне жете мәнбермеушілігі;
4.Тілдік ортаның әсері;
5. Отбасы тәрбиесінде ұлттық педагогиканың, халық ауыз әдебиеті
үлгілерінің тар шеңберде қолданылуы;
6. Қазір компьютер, ұялы телефон
сынды байланыс құралдарындағы үнсіз байланыс, қысқа жауап баланың кең
ойлап сөйлеуін тежейді.
Оқушылар ортасында ауызекі сөйлеу тілі мәдениетінің төмендеу себептерінің қысқаша кестесі /қосымша-1/ | |||
Негізгі әсерлер |
Түрлері |
Сөз қолданыс аясы |
Мысал |
1.Орта әсері |
а) оқушының сөйлеуіне жергілікті тіл немесе басқа тіл әсер етуі яғни еліктеу |
Ауызекі сөз қолданысы |
-Маги (Мағира) трубаңды берші, маяк тастайын. -Труба дегенше мобила демейсің бе? |
|
ә) көшенің әсері (дөрекі, былапыт тіл),
|
Көшедегі диалог |
-Ренжухаңды лақтырмашы! (сен маған ренжімеші) |
|
б) ғаламтор немесе ғылыми-техникалық прогрестің әсері |
Ғаламтордағы сұхбат |
-Туиттерде бір ссылка (қазақша, плиз?) көзіме түсті. Ол кісімен өзім де бір әңгіме жазамба деп ойлайтынбың. -Сорри, қазақтар, мақала үлкен, буковмного. |
|
Баспасөз немесе телеарналар әсері |
КТК телеарнасынан «Қызық радиосы» деген бағдарламаның жүргеніне біраз болды. |
«Курметты балдар мен кыздар жане олардың атаналары! Быздын изучение казахского языка методом «Шала қазақтар» в конец кетып баратыр. Казак тілін окыныздар. Ойткені бүгин онсыз нереально. Сыздермен болған Даут |
2.Сөйлеу дағдыларының жоқтығы |
тіл дамытуға немқұрайлы қарауы немес отбасы әсері |
Отбасындағы әңгіме |
Әкесі: - Бүгін қандай баға алдың? Баласы: -Мен бүгін алдым бестік. Сіз маған не бересіз?... |
3.Жекелеген оқушы тіліндегі кемшілік |
сақаулық, быдықтық, мыңғылдық, т.б. |
--- |
--- |
Осы
әсерлердің дағдыға айналуына психологиялық тұрғыдан төмендегідей мінездеме беруге болады.
Психологиялық тұрғыдан сараптама.
/қосымша-1/
Әсерлер |
Психологиялық әсеріне мінездеме |
Қандай өзгерістер болады? |
1.Орта әсері |
Бала басқалардың сөйлеуіне еліктейді, осылай сөйлеуді сән көреді, өзі де қолданып көреді, ешкім ескерту жасамағадықтан солай сөйлей береді. Айтқанды қазақша түсінсе де, орысша жауап беруге тырысады. Ойын кең түсіндіріп, таза қазақша жеткізе алмайды. |
Өз ортасының лексикасын құрады, ортақ түсіністік пайда болады. Өзара тез тіл табысады. Жаңа сөздер құрастырып, қолданысқа енгізе береді. |
2.Сөйлеу дағдыларының жоқтығы |
Бала қазақ тілінде сөйлемейтін отбасында, достар арасында болады, яғни үйренгенін дамыта алмайды, бірнеше рет өзі талап қойып көреді, кейін өзі де өзгерусіз қала береді. Қазақ тілінің қажеттілігін толық сезінбейді. |
Оқушының сөздік қоры азаяды, қазақ тілінде ойын еркін жеткізе алмайды, қазақша еркін ойлай алмайды. |
3.Жекелеген оқушы тіліндегі кемшілік |
Оқушы басқалармен қатынасқанда дұрыс айта алмауынан қысылады, мазақтайды деп қорғалайды. Ойын жеткізе алмайды. |
Оқушы тілі толық дамымайды, өзінің тілін, сөйлеу мәнерін жаттықтыра, шынықтыра алмайды. |
2.2. Топпен жұмыс
ұйымдастыру - тіл тазалығы кепілі.
Қазіргі кездегі басты талап –
сөйлеу тілінің дұрыстығын сақтау, тілдің тарихи қалыптасқан жүйесін сақтау.
Сондықтан, қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмейді»-деген сөз бар. Біздің
тілімізге, тіл тазалығын сақтамаушыларға талап керек, сын керек.
Ең алдымен біз жіберілген қателерді түзетуіміз
керек. Мұғалімдер бізбен әр жіберген
қателерімізбен жеке жұмыс жүргізеді. Дәл қазір бізге «қатемен жұмыс» керек. Оны
жөндемей алға қадам баса алмаймыз, артқа айнала береміз, айнала береміз.Осы
бағытта жұмыстар жасау үшін оқушылар ортасынан «Тіл жанашырлары» тобын құру(құрамы10
оқушы). «Жұмыла көтерген жүк
жеңіл»-дегендей «Тіл жанашырлары» тобы №1, №2 сауалнама барысында жағымды жауап
берген оқушылардан таңдалады. Тіл жанашырларымен бірлесе отырып тіл тазалығын
сақтау мақсатында әр-түрлі іс-шаралар өткізуге болады. Біздің тәжірибелік
жұмысымыз мектебіміздегі 5-11 сынып оқушылары арасында жүргізілгендіктен, тіл
жанашырлары да осы сынып оқушыларынан таңдалды. Тіл жанашырларының атқарған
жұмыстарын сызба түрінде былай топтастыруға болады. /қосмыша-1/
Тіл жанашырлары арқылы атқарылатын
жұмыстар оқушыларға міндеттеліп
жүктелмейді, әркім өз қалауымен, қызығушылығымен еркін қатысады.
Танымдық бағыттағы жұмыстар. Танымдық әрекет – шәкiрттiң
бiлiмге деген өте белсендi ақыл – ой әрекетi. Ол танымдық қажеттiлiктен,
мақсаттан, таным қисындарынан және әрекеттiң негiзiнде оқушыларда танымдық
белсендiлiктерiнен iзденiмпаздық қалыптасады.
Осы бағытта
«Әр адамда болу керек құдіретті төрт ана»
атты қабырға газетін шығардық. Газетте М.Шахановтың өлеңінде айтылған құдіретті
төрт ана ұғымын сөзжұмбақтар, шахмат
жүрісімен өлең құрастыру, мақалды дұрыс жалғау арқылы тани түседі және Қорқыт ата бейнесі- Алтын Күннен бағасыз
бір белгі боп,
Нүрлы жұлдыз - бабам тілі, сен қалдың!- деп Мағжан ақын айтқандай ана тілімізді паш
етеді. /қосымша-2/
Тіл жанашырлары оқушылар арасына
өзі қалаған тақырыбына буклеттер
шығаруға конкурс жариялайды. Конкурсқа 10 оқушы жұмысы ұсынылды. Ең үздік буклет 9 «А» сынып оқушысы Сұраған
Амангүлдің «Жай сөйлемдер» тақырыбына арналған айтыс /қосымша-3/ деп танылды. Осы
буклет оқушылар арасында таратылды. Буклет әдеби көркем сөз өнерінің
тапқырлығын паш етер айтыс ретінде жазылғандықтан, оқушылар жүрегінен жол таба білді.
Жинақ сандықшасы Жинақ сандықшасы
Екі сандықша ілінді.
Бірінші сандықшаға 48 оқушы ғаламтордан, көшедегі жіберілген қателіктер, телеарна,
диалогтар, баспасөз беттерінен түрлі мысалдар
жинақтады. Нәтижесінде мағынасыз сөздерден аулақ болу үшін «Мағынасыз сөздік» атты шағын жинақ
журнал шығарылды. /қосымша-4/
Екінші сандықшаға жүректерінен шыққан ең көркем ойларын қағаз бетіне түсіріп құттықтау ретінде /72 оқушы/
сандықшаға жинады. Нәтижесінде ең үздік деп танылған құттықтауларға
ғаламтордағы мектеп сайтына жариялау мәртебесі бұйырды. Орыс тілінде оқитын
сыныптар ерекше белсенділік танытты.
Жарнамалық жұмыстар.
Видеоролик /қосымша-5/
Видеоролик түсіру мақсатымыз балаларға өздерінің сөйлеу үлгілерінен мысал келтіре отырып
одан бас тартуға ой салу. Екінші бөлімде сол келтірілген мысалды сөз тазалығын
сақтай отырып жеткіздік. Бұл видеороликте тіл туралы ұлағатты ойлар мен
пікірлер берілген. Оқушыларға әр көрініс өзіндік дұрыс таңдау жасауға
жетелейді.
Осы видеороликті көрген оқушылардан
қуантарлық пікірлер түсіп жатты. 9-сынып оқушылары Абулгазина Раушан, Зиядляева
Мағира, Шаймерденова Айсұлу, Шаймерденова Әселдердің пікірінше осындай
видеороликтер жастарға жақсы ой
салатынын айтады және өздері тілдегі жаргондармен сөйлеудің әдет болып бара
жатқаны тіл мәдениетінде ешқандай сән емес, ерекше жағымсыз көрінетінін айтады.
Кейбір оқушылар кез-келген пайдасыз видеоларды ұялы телефонға жүктегенше,
осындай пайдалы материалдар керек екенін айтты. Ал 9 сынып оқушысы Толағайұлы
Қуаныш осы бейнебаян өзіне ой салғанын айта келіп, ұялы телефондағы қоңырау әуендерінің мәтіндерінің сапасыз
екеніне қынжылады.
Сахналық қойылым. /қосымша-6/
Мың рет естігеннен-бір рет көрген
абзал. Тіл жанашырлары «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырынан 9 актілі сахналық
көріністі көрермен назарына ұсынды. Халық ауыз әдебиетінің көркем туындысы
балаларға қазақтың салт-санасы, әдет-ғұрпынан тәрбие береді, мәнерлеп сөйлеу,
сөз жүйесі, шешен тіл, тапқыр ой тек тіл байлығы арқылы іске асатынын
ұғындырады. Сахналық қойылымға
қатысушылар-10, көрермендер-83.
«Сөз шебері» байқауы. /қосымша-7/
Байқауда 5-11сыныптар арасынан еш дайындықсыз, өз еркімен
кез-келген қатысушы таңдаған тақырыбы бойынша көркем әдеби тілде 3 минут бойы ой толғайды. Сөйлеу шеберлігін таныту үшін мақал-мәтел, өлеңнен үзіндіні мысал ретінде
қосып сөйлеуіне болады.
Байқау оқушыларға сөз саптаудағы өзіне деген сенімділігін, талабын ояту мақсатында өтті.
Пікір-сайысқа мектеп
директоры Жунусова Д, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жаканова А.А,
әділқазылар мүшесі болып қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Омирзах Д., Жаканова
А.А, іс-шараға барлығы 40 адам қатысты.
Сайыстың шарттары:
Қатысушы төмендегі тақырыптардың
бірін таңдап алып, көркем әдеби тілде
тақырып бойынша 3 минут бойы ой
толғайды. Сөйлеу шеберлігін таныту үшін
мақал-мәтел, өлеңнен үзінді, өзі жазған
шығармаларынан үзіндіні мысал ретінде қосып сөйлеуіне болады. Қатысушы
егер тақырыптан ауытқыса, сөзіне мағынасыз сөздер, жаргондар немесе басқа
тілден енген сөздер қосса, сайыс тоқтатылады. Сайысқа кез-келген оқушы қатыса
алады
Сайыс қызықты өтті. Сайыс барысында оқушылар
таңдаған тақырыптары бойынша өздері жазған ой толғау, өлең, шығармаларын қолдана
отырып ой толғап, мемлекеттік тілге деген құрметтерін білдірді. Сайыс соңында
әділқазылар шешімімен I-орынға 11-сынып оқушысы Толағай Айнұр, II-орынға Азат
Анаргүл, III- орынға Сұраған Нартай иеленді. Сайыс соңында тіл маманы Жаканова
А.А өзінің сөзінде ана тілінде сөйлеу өз халқының салт -дәстүріне, туған
өлкесіне, отанына деген құрмет екендігін айтып өтті.
«Тіл тағдыры – ел тағдыры!» Кез-келген атқарылған істің
нәтижесі болары сөзсіз. Ұлы Абай: «Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп
таппайды. Басында зорлықпен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі
іздегендей болғанша. Қашан бір бала
ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам
болады»-деген екен. Яғни жоғарыдағы жүргізілген жұмыстар балалардың таза сөйлеуге ынтасын
арттырады, өз тілін менсінбейтін қазақ жастарына ой
салады, өзге ұлт өкілдерінің де ынтасын оятады. Жоба басында
оқушылардың тіл деңгейлерін білу мақсатында сауалнама жүргізілсе, жоба аяғында пікірлерін ашық білдіру мақсатында пікірталас
өткізген ыңғайлы болады. Әркім өз ойын еркін жеткізеді, таза, көркем сөйлеуге
тырысады және ой дәлдігін шебер тілмен бейнелейді.
«Тілін құрметтегенді, елі де құрметтер» /қосымша-8/ атты ток-шоу.
Осы іс-шараға барлығы 83 оқушы қатысты. Әр адамның жүрегі тіл дегенде тебіренетіні анық. Кез келген ата-ана мен баланың, қала берді қоғамның тілге қатысты көкейінде мазалайтын сұрақтар ток-шоу
барысында талқыланды.
Тіл тазалығын сақтау қажет пе? Тіл тазалығын сақтаудың-ой тазалығына әсері бар ма? Тіліміздің болашағы қандай? Ол болашақта дағдарысқа ұшырайды ма?
Өміріміздегі ең асыл нәрсе –тілді түзеу үшін нендей жағдайлар жасау керек? Осындай
сұрақтар қай-қай адамның көкейінен, өмірден жауап іздейтіндіктен ток-шоу
барысында оқушылардың ортасына салдық. Ток-шоу барысында жоғарыдағы сұрақтар
бойынша талқылаған оқушылардың ұтымды ойларын ұсынамыз.
-Тіл тазалығын сақтау қажет пе?
11-сынып оқушысы Захан Жансая: -Тіл тазалығын сақтау керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп ұлы
ақын Қадір-Әлі жырлағандай, өзге тілді білу қажет, ал өз тілімізді одан да
артық білген жөн. Баланы бала бақша табалдырығынан бастап ана тілін
құрметтеуге шақырып, насихаттау керек. Әрине, мектебімізде жүргізілген бір
жобаның өзі қаншама істі атқарды. Бұл елемізде тіл мәртебесін көтеруге арналған
қаншама игі бастамаларға қосылған бір үлес. Бұл үлесті жағдай тілді дамыту үшін
істеліп жатқан игі істер. Нәтижесі оң болары сөзсіз.
-Тіл тазалығын сақтаудың-ой тазалығына әсері бар ма?
11-сынып оқушысы Толағайқызы Айнұр: -Жастар көркем
сөйлей алмаса,ойын қайдан көркем жеткізе алсын. Мәдениетті ортада қойыртпақ
тілмен сөз бастаса, естімек түгілі түгелдей безіп кетер еді. Күнделікті ауызекі
сөйлескенде әркім өзін дұрыс сөйлеуге тәрбиелеу керек. «Өзіңді өзің сыйласаң,
жат жанынан түңілер»-деген мақал бар.
10-сынып оқушысы Омирзах Арғынбек: -Кей кезде
көше бойында кетіп бара жатқан екі қазекеңнің туған тілімізде емес, өзге
тілде сөйлесуі қынжылтады. Оны көріп тұрған біздер ескерту жасаудың орнына,
үндемей қаламыз. Ең алдымен балаларымызды ана тілімізге дәріптесе, онда
осындай дәрменсіз жағдайға келмес едік. Біз тіліміз арқылы дінімізді,
мәдениетімізді дәріптейміз, өнеге тұтамыз. Халықта «мәңгүрттік» деген бар.
Өзінің тілін, мәдениетін, дінін мүлдем өз өмірінен сызып тастағандарды «мәңгүрт»
деп қорқынышты атаумен атаған. Ал осы «мәңгүрттік» деген жан түршігерлік
сөзден аулақ болу үшін, жастайынан тілге деген құрметті оятуына қолдан келер
жағдай жасалу қажет. Ел болашағы - балаларымыз.
-Тіліміздің болашағы қандай? Ол болашақта дағдарысқа ұшырайды ма?
11-сынып оқушысы
Алтаев Қанат:- Біз сияқты жастары бар тіліміздің болашағы жарқын болады деп
үлкен сеніммен айта аламыз.Тілсіз өмірді елестету қиын. Сондықтан,
болашағымызды бұлыңғыр қылуға жол бермей, тіл дағдарысына төтеп беріп,
тілімізді қастерлеу біздің қолымызда. Тіл - барша адамзаттың ең басты қазынасы.
Ол жоғалса, халық та, ел де жоғалмақ. Сондықтан өзіміз байқағандай,
тілімізге өзге тілдің араласуы – ана тілімізге жасалатын үлкен кесел. Оны
ескерген жөн. Сол себепті де «Тар жол тайғақ кешу жылдары» жалаң аяқ жар басып,
біреудің босағасына қашып, қиындықпен алған ата - бабамыздың қайтпас
қазынасын құрметтейік. Тіл үшін үлкен тірек болар - сол тілде сөйлейтін
адамдар, яғни біздер. Ал, тілін құрметтегенді, сөз жоқ елі де құрметтер. Тіліміз
де дағдарысқа ұшырамайды.
-Өміріміздегі ең асыл нәрсе –тілді түзеу үшін нендей жағдайлар жасау керек?
9-сынып оқушысы
Абишева М:-
Ғаламтордағы тіл мәдениеті төмен мәліметтер қосылған сайттар ғаламтордан
алынатыны жайлы ескертілетін ғаламторға
жүгіртпе жолдар қосу керек.
5-сынып оқушысы Аманжол
Нұрсұлтан:- осы ғылыми жоба барысында өзіміздің сыныптастарымыз арасында
мектепі шілік газеттер шығарып, қызықты буклеттер үлестіріліп, сахналық
қойылымдар қойылып т.б. қазақтың бай тілінің құдіретін түсіндіре түсетін
шаралар көп ұйымдамстырылды. Игі іс бізден басқа мектептерде де жалғасын тапса
тіл тазалығын сақтау деген күрделі мәселе болмас еді. Тәуелсіздік бізге еркін
ой бостандығын берді. Ендеше неге оны пайдаланбасқа?
Омирзах Арғынбек: Ғаламтор арқылы байланыс құралдарына, ұялы телефондарға автоматты
түрде тегін қызмет жасайтын «Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігі» ықшамдалып енгізген дұрыс. «Қазақ тілінің толық түсіндірме
сөздігінің» Онлайн энциклопедиясын құрастырып
ғаламтор арқылы кез-келген адамға тегін ұсынылса.
«Тіл-халық жанын танудың кілті»-екенін
ұмытпайық-деген пікірлер отырған жұртшылықпен бөлісілді. Жоба барысында қазақша
сауатты, мәдениетті, таза,көркем сөйлейік деп толық қол көтеріп, құптағандарын
білдірді.
Ұлттық тіл - әр
халықтың өзіне тән ой – санасын парасатты бүкіл болмыс – тіршілігі мен сезім –
түйсігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін күретамыр. Қазіргі уақытта қазақ тілі –
Қазақстанның мемлекеттік тілі. Біріншіден қазақ халқының салт-дәстүрі мен
тұрмысын әдет-ғұрпын, мәдениетін, тарихын білуге жол ашты, екіншіден көпұлтты
халықтың қарым – қатынасындағы өндірістік әрі тұрмыстық қажеттілікті іске
асыруға, халықтардың достық қарым-қатынасын күшейтудің құралына айналды.
Ток-шоу соңында
К.Оразалиннің «Алғыстар, ақ тілектер»
/қосымша-10/ атпен топтаған жылы
сөздерін көрермендерге үнқағаз ретінде
үлестірдік.
Қорытынды.
Қорыта келе, осы ғылыми жобада басты нысана етіп, тілдің дұрыс,
әсем қолданысын үйретуді алып, оны жүзеге асыру үшін оқушының сөйлеу, жазба
тілдерін жетілдіріп, тіл мәдениетін көтеру[1,145 б.] мақсатында мынадай жаңалықтар ашылды:
1.Оқушылар тіл деңгейлері мен тіл тазалығының төмендеу себептері анықталды.
2. Әрбір іс-шара оқушыға өз еркімен қызығушылығын
оятып, ойын қазақ әдеби тілінде жеткізуге мүмкіндік берді.
3. Мағынасыз
сөздердің қолданылуы азайды.
4. «Тіл жанашырлары» тобы оқушыларға үлгі, ұйтқы болып, ауызекі сөйлеу мәдениетінің
жоғарлауына әсерін тигізді.
Оқушыларды тіл (сөйлеу) мәдениетіне
тәрбиелеуде қойылатын мақсат – ана тілінің мәні, тарихы мен бүгіні,
көркем сөйлеу өнерінің алуан түрлі сипаттары туралы мағлұматтар бере отырып,
оқушылардың сөз мәдениетін жетілдіру, тілді әлеуметтік қызметіне сай орынды
жұмсай білуге үйрету, интеллектуалдық қабілеттерін арттыру.
Осы мақсатқа сай туындаған негізгі міндеттердің нәтижесінде тіл тазалығы арқылы
көркем ойлауға орай төмендегі әрекеттер жүзеге асты :
-сөйлеу мәдениеті негіздерін меңгеру;
-сөз қолданудың ұлттық дәстүрлерін жаңғырта отырып, ұлттық көркем сөз әдебінің
нормаларын меңгеру;
- шешен сөйлеуге төсемді тілдік дағдыларын қалыптастыру;
-тілді шұбарлап сөйлеуші жастарға
ой салып, таза сөйлеуге ынталарын ояту, «Бөтен сөзбен былғаса сөз арасын,
ол-ақынның білімсіз бейшарасы»-деп Абайша ескерту.
Яғни әркім өз бетімен ізденгенде,
қызығушылығын оянса, топпен бірлесіп нәтижелі істерді қолға алса, тіл мәселесі
шешуін таппас жұмбаққа айналмайды. Тіл тазалығына қатысты өз жіберген қатесін
өзі іздеп табу, өзін шешендік тұғырында сынап көру, өздері сомдаған бейнелерден
үлгі алу немесе жирену, ашық пікірін жасқанбай ортаға салу барысында оқушылар
баға үшін емес, ана тілінің мәртебесі үшін бақ сынаулары рухани жан
дүниелерінің серпілуіне, оянуына зор
ықпалын тигені рас. Осы арада бүкіл түркі әлемінің асыл перзенттерінің бірі
Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих
ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал
ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды,
жеміс береді» дегенін де еске сала кетсек, артық болмас.
Жобаның діттегені де осы еді.
Айтқанымыз дәлелді болу үшін зерттеу басындағы
сауалнама қорытындысы мен зерттеу соңындағы ауызекі әңгімелер мен еркін
пікірлер, дауыс берулер нәтижесін салыстыра отырып диаграммамен ұсынамыз.
Сонымен мемлекеттік тілдің тағдыры ұлттық оң болмыстың оянуын қажет етіп отыр.
Шынтуайтына келгенде, мәселеге тереңірек үңілсек, істің тетігі, яғни қазақ
тілінің тағдыры қазақтың өзінің қолында. Өркениетті елдерде тіл тағдыры
көбіне-көп бұқараның белсенділігімен, биліктегі қазақ азаматтарының ұлтжандылық
қасиеттерінің биіктігімен шешіледі. Біздің ең басты жолымыз да осы болуға
тиісті.
Жарқын болашақтағы қазақ тілінің мәртебесін баяндайтын «Бауырсақ»
ертегісіне салынған суреттер тізбегінен көрме ұсынылды. Бауырсақ-ана
тіліміз ал, тілімізге көлеңкесін түсірген талай жылдарды жылан, аю, түлкі, қасқыр
бейнесінде көрсетіп диалогтар құрастырдым.
Ешқайсысы бауырсақты жей алмайды,
жарқын болашақтағы барысқа кезіккенде
мәртебесі биіктеп өз тұғырына көтеріледі.Бұл өнер туындысы ана тіліміздің ертеңі жөнінде туған менің
қиялым. Қазақ тілін ту етіп тігіп, «көзіміздің
қарашығындай сақтап» кейінгі ұрпаққа тапсыруға тырысайық!
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениетінің мәселелері / М.Балақаев.-
Алматы:Қазақстан,1965.-186 б.
2. Сыздық Р. Тіл мәдениеті және оның проблемалары / Р. Сыздық
// Тілдік норма және оның қалыптануы.-Астана: Елорда,2001.- 230 б.
3. Қазақстан Совет энциклопедиясы.-
Алматы: ҚазССР Ғылым
Академиясы,1977.-631 б. Т.11.
4. Мейірманқұлова Т. Отбасы және
тәрбие / Т. Мейірманқұлова //Ұлт
тағлымы.-2001.-№7.-Б.3-6
5. Қазақстан Республикасы Президентінің
«Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасы». (1998 жыл 5 - қазан).
6. Тілдерді қолдану
мен дамытудың 2001-2010
жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
7.
Уәлиев Н. Сөз мәдениеті / Н. Уәлиев.-Алматы,1984
http://www.kitaphana.kz/ru/downloads/referatu-na-kazakskom/23
tili/2907--til-madenieti.
http://audaru.soylem.kz/
http://russian-kazakh.translate.ua/
http://translate.sanasoft.kz/
http// anatili.kz/
http://sagym.wordpress.com
http://www.altynsarin.ru/news/l
www.aktobegazeti.kz