Оқушылардың білім алғандығының дәлелдемелері қамтылған тізбектелген сабақтар топтамасынан алынған сабақ бойынша бір рефлексивтік есеп
«Сабақ – оқытушының педагогикалық мәдениетінің айнасы», -деп А.Сухомлинский айтқандай, осы жеті модульдің ішінде өзімнің пәніме тиімдісі, жарыққа шығарары, баланың қызығушылығын оятары, білімін жетілдірері қайсы екен деп көп ойланғаным рас. Саралай келе әр сабақта бір немесе бірнеше модульді бірден қолдануға болатынын анықтадым. Бұл қолданыстан ұтылғанымнан ұтқаным көп болды. Атап айтатын болсам оқушыларымның АКТ-ны қолданудағы шеберлігі, өзін-өзі және топ бойынша бағалаудағы нақты өзінің ойын нақты дәлелдеп бере алғандығы мені қуантты. Дәстүрлі сабақтар мен салыстыра келгенде бағалауда оқушыларға «төрттік» немесе «үштік» баға
қойғанда, оқушылар сұрақ қоятын: «Ағай мен не үшін «үш» алдым, мен не үшін «төрт» алдым?» Мен бұған жауап бере алмайтынмын. Ал қазір өткізген сабақтарда байқағаным мен олардың нақты өзін-өзі топ бойынша бағалауды нақты құлшыныс арқылы бағалауларына көзім жетті. Мектептегі іс- тәжірибе кезінде өткізген
екінші сабағымның тақырыбы: Абай Құнанбайұлының «Құлақтан кіріп, бойды алар» өлеңі. Әр мұғалім өз сабағының
–көшбасшысы. Көшті қалай бастап алып жүрем десе де өз еркі. Ал көшті дұрыс бағыттай білу көшбасшы шеберлігіне байланысты болғандықтан, сабақтың мақсат- міндеттерін, қолданылатын әдіс- тәсілдерді айқындап, одан күтілетін нәтижелерді болжап, сабақ жоспарын құрдым. Сабағымда сын тұрғысынан ойлау стратегиясын молынан қолдануды мақсат еттім. Себебі бұл стратегиялардың сабақ тиімділігін арттыруда пайдасы мол екенін анық білдім. СТО-ның әдіс-тәсілдерінің әдебиет пәніне ықпалы, әсері шексіз екенін алдыңғы сабақтарымда көз жеткізгем. Ол баланың еркін ойлауына, үздіксіз жұмыс жасауына жол ашады. Бұрынғы сабақтарымда оқушылар белсенділігі төмен болатындығын байқайтынмын, өйткені бір сарынды сабақтар оқушыларды жалықтырады. Сондай-ақ,
әдістің тиімділігі – сабақтан тысқары қалатын оқушы болмайды, оқыған мәтінді түсіну, оны түсінікті етіп айтып беру, оған қатысты ойын, пікірін білдіру арқылы оқушының тілі дамиды. Осылайша ұйымдастырылған оқу сабақтары арқылы сауатты оқушы қалыптастыру мүмкіндігі туды. Жоспар құрарда мен көп ойландым, менің алдымнан көптеген кедергілер кездесті, оларды оқушыларымның осы бағдарлама бойынша қызығушылықтарының жоғары нәтижесі арқылы жеңе білетіне көзім жетті. Сабағымның мақсатын былай жоспарладым: Оқушылар Абай әндерін, өлеңін талдау арқылы сөйлеу мәдениеті дамиды, өз ойын ортаға салуға бейімделеді; эстетикалық талғам
қалыптасады, өнердің қадір –қасиетін түсіне білуге тәрбиеленеді, әннің тылсым сырларын ұға беруге талаптанады. Күтілетін нәтиже: оқушылар Абай әндерінің ерекшеліктерін біледі, өмірде жүйелі қолдана алады. Сабақта мынадай әдіс-тәсілдерді: топқа бөлу, сұрақ-жауап әдісі, интерактивті тақтадан таныстырылымдар көру, топпен жұмыс, жұппен жұмыс, сергіту сәті, шығармашылық- мәтіндік тапсырмалар орындату сияқты қолдандым. Оқыту климаты үшін мұғалім мен оқушы бірге жауапты болады. Жақсы климат болу үшін алдымен балаларға психологиялық дайындық жасау керек. Сондықтан сабақты шаттық шеңберінен бастап, ынтымақтастық
атмосферасын қалыптастыру барысында «құшақтасу» тренингін алдым. Балаларға тренингтің атын айтып едім, кейбір шапшаң қозғалатын балалар екі- екіден құшақтасып алды. Балалардың бір- біріне деген сыйластық, достық,
жолдастық, татулық сезімдерін қалыптастыру үшін: «Әр қазақ баласы бір- біріне дос, бауыр, жолдас болуы керек»- деп, ортаға екі баланы, сыртынан келесі бір бала, одан кейін тағы бір баланы құшақтаттырдым, осылайша балалар бір үлкен жұдырыққа ұқсады. Мен оқушыларыма «осылай әрдайым тату- тәтті бірлікте болсақ, біз алмайтын еш қиындық жоқ» деп, сыныптың сәлде болса ынтымақтастық ахуалын қалыптастыра алдым. Үй жұмысына берілген
тапсырма топқа берілгендіктен, осы сабақта оқушыларды топқа бөлмей, өз топтарына отыруларын өтіндім.
Балалар сабақтың басынан бастап белсенділік танытып, топбасшысын тағайындады.
Бірінші сабақтан кейін, қобалжу бар. Өйткені, балаларым тағы да бейнетаспаға үйрене алмай жауап беруге тағы ұялама деп ойлаймын. Сабақ басталды.Бірақ, бірінші сабақпен салыстырғанда бұл сабақ толық ойымнан шықты. Себебі, балалардың бойлары камераға үйренген өздерін бірінші сабақтан қарағанда еркін
ұстады. Үйге берілген тапсырма былай болатын: Барлық сынып өлеңнен өздеріңе ұнаған 2 шумағын жаттап келеді 1-топ: Абайдың шыққан тегі, туысқандары, балалары жайлы мәлімет жинау. 2-топ: Абайдың
нақыл сөзге айналып кеткен өлең жолдарын тауып келу.
3-топ: Ақынға арнап шығарылған өлеңдер, Абай атындағы ұлттық мәдени орталықтар және оқу орындары жайлы деректер іздену.
4- топ: Өлеңнен теңеу сөздерді жазу (шоқпардай кекіл,т.б), жылқы туралы мақал –мәтел, қанатты сөздер іздеп, жазып келу тапсырылған болатын. Менің ойлағанымдай, барлық балалар үй тапсырмасын орындап келіпті. Сондықтан барлығынан сұрамай, тек іріктеп сұрадым. Әр топтан оқушылар жаттап келген өлең шумақтарын айтып берді.
Үй жұмысына берілген топтық тапсырмаларды тексеру барысында 1- топтан орташа оқитын оқушым Ж. Абай атаның шыққан тегі, туған жері, шын аты Ибраһим екендігі, ол есімді қойылуының тарихы туралы да қызықты дерек айтты. Екінші топтан А. есімді дарынды оқушым Абай атамыздың нақылға айналып кеткен: «
Атымды адам қойған соң, Қайтып надан болайын», «Бес нәрсеге асық бол... Талап
еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой - Бес асыл іс көнсеңіз», «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез»,
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуге баладан» деген афоризмдерін оқып берді. Осы топтың орташа оқитын Н. оқушысы: «Жастықта көкірек зор, уайым жоқ, Жастықта бір
күлгенің мың қаралық. Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», « Егер ісім өнсін десең - ретін тап»,
« Жұмысы жоқтық, Тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын», « Сақалын сатқан
кәріден, Еңбегін сатқан бала артық» деген нақыл сөздерін дайындап әкеліпті.
Осындай тапсырмалар беру оқушылардың ізденімпаздық қабілеттерін дамытып қоймай,
ол баланың Абай өлеңдерін түсіне оқи білуге дағдыланады. Оқушы Абайдың нақылға
айналып кеткен өлең жолдарын іздеймін деп, ақынның өлеңдерін оқиды және
талдайды. Үшінші топтан Ә. есімді оқушым : «Алматы қаласында Абай атаға
арналған ескерткіштер, көшелер, мәдени орталықтар бар. Сондай- ақ шетелдерде:
Ресейде, Иранда, Түркияда т.б елдерде атамызға арналған ескерткіштер мен
көшелер бар» деген дерек әкеліпті. Балалардың сыни ойлау көзқарастарын білу
ретінде: «Неліктен басқа мемлекеттер де Абай атамызға арнап ескерткіштер
орнатып, көшелерге ат берген?- деп, түрткі сұрақ қойдым. Г.есімді оқушы
«Абай атаның өлеңдерінің тәрбиелік мәні зор» деп, ал келесі Ғ.есімді оқушы
«Абай ата қырық бес қара сөз жазған» деп,
Ж. есімді оқушы « оның шығарған өлеңдері мен еңбектері басқа тілдерге
аударылған, сондықтан басқа ұлттың адамдары шығармаларында тәрбиелік мәні зор
ойлар барын біліп, қадірлеп, сыйлап, құрметтеп көшелеріне Абай атын беріп,
ескерткіштер орнатқан» деп әсерлі жауап берді. Бұл оқушыға алдыңғы
сабақтың, яғни жаңа әдіс- тәсілдерді сабақта қолданғанның нәтижесі екендігі;
жаңа әдіс- тәсілдердің оқушының сабаққа деген ынтасын, қызығушылығын
арттыратынын көрсетті. Төртінші топ оқушылары өздері өлеңнен тауып әкелген
теңеу сөздерін : «шоқпардай кекіл, қамыс құлақ, қой мойынды, қоян жақ, бөкен
қабақ, теке мұрын, шақпақ етті, бота тірсек т.б» оқып берді. Қ. есімді оқушы «Ат ерiндi
келер, Ер мұрынды келер. Жалғыз шапқан ат
жүйрiк. Тұлпардың өз тұяғы өзiне дәрi. Соқыр атқа, қотыр ат үйiр. Тұлпардың iзi
бiтпейдi, Тұяғы кетпейдi. Жүйрiк тоқтығын бiлдiрмес, Жомарт жоқтығын
бiлдiрмес». Сыни тұрғыдан ойлау мәнмәтінді есепке ала отырып, бақылау мен
тыңдау арқылы дәлелдер жинастыру және шешім қабылдау үшін талапқа сай
өлшемдерді қолдану сияқты дағдыларды дамытуды қарастырады. (1)
Оқытудың
тиімділігін арттыруда, сапасын жақсартуда теория негіздерін ұтымды пайдалану
сындарлы оқытудың сипатын күшейтуге маңызы ерекше. Оқушының оқу еңбегіндегі ой
дербестігін, оқу әрекетін жандандыруда сыныпта оқушылардың білім деңгейін
көтеруге, сабақ сапасының артуына үлесі зор деп ойлаймын. Ал мұны жүзеге асыратын
мұғалім. Мұғалім- сабақ үрдісін
ұйымдастырушы, бағыттаушы.
Келесі кезеңде бір оқушы өлеңді мәнерлеп оқып тұрды, басқа оқушылар жылқының дене мүшелерін суреттен көрсетіп тұрды. Кейбір оқушылар суреттен жылқының дене мүшелерін көрсете алмаған жағдайда
болды. Мен бірден көрсете салмай, «Дене мүшелері» жаттығуын өткіздім. Сол
сәтте, барлығы орындарынан тұрып, мен атаған дене мүшесін көрсетіп, біраз
сергіп қалды. Бұл жерде оқушылардың алған ақпараттарды есте сақтау қабілеті
дамыды. Сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады, себебі сұрақ дұрыс
қойылған жағдайда сабақ берудің тиімді құралына айналады және де оқушылардың
оқуына қолдау көрсетіп,оны жақсарта және кеңейте алады. (2) Үй жұмысын бекіту: слайдтағы әр түрлі сұрақтарға жауап береді:
1. Жылқы малының пірі не? - деген сұрақ қойылған кезде дарынды А.
оқушы «Қамбар ата» - деп жауап берді. «Жарайсың» деп оқушыны мадақтап, балаларға бірінші кілт сөзіміз – «Құлақтан»
болды, естеріңе сақтап отырыңдар деп ескерттім.
2. Жылқыға қатысты қандай мақал-мәтел
білесің?- деген сұрақ қойылған кезде жақсы оқитын Ж. оқушы – «Сұңқар ұша жетіледі, тұлпар шаба
жетіледі» деген мақал айтты. «Жарайсың»
деп оқушыны мадақтап, балаларға екінші
кілт сөзіміз – «Кіріп» болды, естеріңе
сақтап отырыңдар деп ескерттім.
3. Қазақта жылқы малының
қатысуы мен ойналатын қандай ұлттық ойындар бар?- деген сұрақты оқығанда оқушылар: «Бәйге»,
«Көкпар», «Аударыспақ» «Теңге алу», «Қыз қуу» деп кезектесіп жауаптар берді «Жарайсыңдар!» деп
оқушыларды мадақтап, балаларға үшінші
кілт сөзіміз – «бойды » болды, естеріңе
сақтап отырыңдар деп ескерттім.
4. Батырлардың сенімді серігі не?- деген сұрақ қойылған кезде енжар оқитын Н. оқушы: « ат» деп жауап берді, « Жарайсың» деп оны мадақтап, соңғы кілт сөзіміз – « алар» болды .
Оқушылардың жылқы малы, оған байланысты мақал- мәтелдер, атпен ойналатын ойындар жайлы сұрақтар
қойып, оларға жауаптар алу барысында жаңа сабақтың тақырыбымен: «Құлақтан
кіріп, бойды алар» таныстырдым. БЖӘ нысаны (3) бойынша: «Құлақтан кіріп, бойды
алатұғын не нәрсе деп ойлайсыңдар?» - деген сұрағыма «ән, күй, жыр» - дегендей
жауаптар алдым. «Дұрыс, Абай атамыз музыка өнеріне көп көңіл бөлген, сондай
өлеңдерінің бірі- «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін тыңдаймыз және білетіндер
қосыламыз» - деп ескерттім. Өлеңді тыңдай отырып, оқушылар да біртіндеп қосыла
бастады. Өлең тыңдап, бірге қосылып айтқандары да оқушылардың сабаққа деген
ынтасын арттырды. Оқушылардың сыни көзқарастарын, ойлау, елестету қабілеттерін
шыңдау үшін «Өлең тыңдап отырғанда, қандай күйде болдың; көз алдына не
елестеді? – деген сұрақтар қойдым. «Түнгі аспандағы жарқыраған ай мен
жымыңдаған жұлдыздар елестеді»- деп жауап берді дарынды А. «Менің көз алдыма
алысқа қарап үріп тұрған ит келді»- деді енжар оқушы Н. оның бұл жауабына таң
қалдым. Таңқалу себебім оқушының ойының ұшқырлығын байқадым. Н.- дан мұндай жауап күтпеп едім. Бұл әрекетті қорытындылай отырып, сыни тұрғыдан ойлау әдісінің бір ерекшелігі шығармашылық қабілеттерінің ашылуы, яғни сыни тұрғыдан ойлау модулі шығармашылыққа итермелеп жол ашатынына көзім жетті.
Мерсер (2005) құрдастар тобындағы өзара қарым - қатынас оқуда маңызды рөл
атқаратынын көрсетті (4) делінген нұсқаулықта, олай болса Мерсердің айтқан сөздеріне толық келісемін. Себебі
менің сыныбымда да оқушылар арасында ынтымақтастық атмосфера орнады. «Көл жағасында серуендеп жүрген қыз-жігіттерді елестеттім»- деп жауап берді жақсы Ж.
Абай атамызға ән шығаруға әсер еткен жағдайлар жайында қысқаша түсінік беріп,
интербелсенді тақтаға жазылған «Абай әндерінің тізіміне» назар аудартып,
кезектестіріп оқыттым. Оқушылардан осы тізімдегі әндерді кім білетіндігін
сұрадым. Дарынды оқушым А. «Көзімнің қарасы» әнінің екі шумағын айтқан сәтте,
беріле, ән образына кіре орындады. Осы
уақытта сыныптастарының жүзінен оған деген сүйіспеншілік, қызығушылық тіпті
қызғаныш сезімі де байқалды. «Жарайсың, тамаша айттың» деп, оқушы көңіліне
ілтипат білдіріп қойдым.
Топтарға өлеңнің екі шумағынан бөліп беріп, шумақтар бойынша «Ән - күйдің адамға әсері»
постерлерін қорғаттым. Әрі қарай тақырып бойынша да балалар жақсы жұмыс жасап
отырды. Олардың жұмыс жасау белсенділігі көңілімнен шықты. Көңілімнен шығу
себебі топтың жақсы оқитын оқушылары қасындағы жолдастарына бағыт беріп, олардың жауап беруіне септігін
тигізді. Мысалы: 1 топтан Н. есімді оқушының
жауабы мынадай болды: «Ән- күй тыңдағанда адам өзін- өзі ұмытады, көңіліне түрлі ойлар келеді»; ІІ
топтан А. есімді оқушым «Ән- күй тыңдағанда адам жиіркенішті әсер алады,
аңсайды, терең ойға түседі»; ІІІ топтан Г. есімді оқушым « Ән- күй бойды жылытады,
күйіндіреді, сүйіндіреді»; ІҮ топтан А.
есімді оқушым «Бұрынғы өмірін есіне түсіріп, құлағы ескі сыбырды есіткендей
болады» десе, Қ. есімді оқушым: «Ескі ойға көңілінің толатындығы» жайлы
жауаптар беру арқылы өлеңнің мәнін аша білді.
Сабақ барысында талантты-дарынды балалардың жаңа сабақты қабылдау деңгейлеріне ілесе
алмайтын оқушылардың осы балаларға ере отырып қалай оқу керектігін үйренулеріне
жол ашылды. Бұл « олардың қолынан келген нәрсе менің де қолымнан келеді» деу-
өзін басқа біреумен салыстыру үдерісінің негізі. Адамдардың қандай да бір
салада болсын табысқа жеткен біреуді көрсе, өзіндік тиімділік деңгейі арта
түседі, ал керісінше басқа адамның сәтсіздігін көргенде өзіндік тиімділік
деңгейі төмендейді. (5) Үй тапсырмасын беріп, өзін- өзі бағалау мен топ
басшыларының бағалауларынан оқушылардың бүгінгі сабақта алған бағаларымен
танысып, өз бағалауыммен салыстырып, осы сабақта сәл болса да әділ бағалаудың
болғанын айтып, келесі сабақтарда да осылай белсенді болып, әділ бағалауға
шақырдым. «Екі жұлдыз, бір тілек» әдісі арқылы ұсыныс - тілектерін жазғыздым.
Стикерде жазылған мына ұсыныс- тілектері келесі сабақтар барысында
орындалатынын айттым. Бағдарламаның жеті модулін күнделікті сабақ барысында
пайдаланып, жүзеге асыру мектептегі
тәжірибе кезінде өткізілген сабақтар
топтамасында оқушылардың қызығушылығын арттырып, тілдік қорларын дамыттым.
Тақырыпқа сай оқушылар өздеріне қажетті деген барлық ақпаратты алып шыққанына
ешбір күмәнім жоқ. Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер мұғалімнің басқаруы мен
көшбасшылығының арқасында, мұғалімнің шеберлігі арқылы жақсы нәтиже беретіні анық.
Жалпы түйгенім, оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді
қолдану арқылы оқытудың басты мақсаты оқушыларды дайын, жаттанды біліммен
сусындату емес, керісінше, сыни тұрғыдан ойлауға, өз ойларын жүйелі жеткізе білуге, өз біліміне өзі жауап беріп өзі
ізденуге үйрету. Еңбегімнің нәтижелі болуы жоспарланған сабақтарымның жүйелі
құрылуын, әр сабаққа жауапкершілікпен қарауымды, педагогикалық шеберлекті талап
ететінін білемін. Тәжірибе кезеңінде өткізген сабақтарымның бұрынғы сабақтарға қарағанда тиімді болғанын ескеріп,
уақыттың тапшылығынан топтық жұмысқа толық қалыптасып үлгермеген оқушыларымның
білімін осы жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, алдағы уақытта да жетілдіре
түсемін деп жоспарлаудамын.