«Ақмола облысы білім басқармасының Астрахан ауданы бойынша білім бөлімі Астрахан ауылының № 1 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Общеобразовательная  школа №1 села  Астраханка отдела  образования  по Астраханскому району управления образования  Акмолинской области"

    

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Астрахан №1 орта мектебінің 4 сынып оқушыларының бастауышпен қоштасу ертеңгілігі. Өткізілген күні: 18.05.2017 жыл

30.05.2017

Астрахан №1 орта мектебінің  4 сынып оқушыларының бастауышпен қоштасу ертеңгілігі. Өткізілген күні: 18.05.2017 жыл

Сынып жетекшісі: Оспанова Гульнара Мухамеджановна

 «Талаптарыңа нұр жаусын!» деп «Аттандық бала шақтан болашаққа!» атты ертеңгілігімізді ашық

деп жариялаймыз.

1-жүргізуші: Армысыздар, ұстаздармен оқушылар, ата-аналар мен ақ жаулықты апалар!

2-жүргізуші: Бүгінгі «Аттандық бала шақтан болашаққа!» ертеңгілігіне қош келіпсіздер. Әр жанұяға береке, бірлік, табыс тілей отырып тойымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

1-жүргізуші: Армысыздар, мұғалімдер - әз жандар Білім іздеп инемен құдық қазғандар. Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді Би билеп, ән де бүгін шырқалар.

2-жүргізуші: Қош келдіңіздер ақ жаулықты аналар мен әкелер, Жүздеріңнен мейірім мен нұр төгілер Бүгін міне, бастауышпен қоштасады Азамат боп, ержеткен сіздің түлектер!

1-жүргізуші: Біз бүгін көзімізді ашып, көкірегімізді оятқан, білім нәрімен сусындатып, ілімнің ірге тасын қалаған бастауыш мектебімізбен қоштасамыз.

2 жүргізуші: - Бүгін біз сауатымызды ашып, білім, негізін қалаған бастауыш мектебімізбен , алғашқы қолымызға қалам ұстатып, оңымызбен солымызды танытқан ұстаздарымызбен қоштасқалы отырмыз.

1 жүргізуші: Тарыдай болып кіріп, ақыл ойлары толысып, оң мен солын танып жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттеріңіздің ұйымдастыруымен өткізгелі отырған «Аттандық бала шақтан болашаққа» атты қоштасу мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер! 

2 жүргіуші: Олай болса, бастауыш сыныпты бітіруші түлектерімізді ортаға шақырайық.

1 жүргізуші: Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңызда, 
Мұндай күй болған сірә қаншаңызда. 
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық, 
4 сынып түлектерін ортамызға. 
(Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға шығады. )

1-жүргізуші: Армысыздар жас достар Болашаққа жол бастар.

2-жүргізуші: Білім деген ғажаптың Келешегі қазақтың Басталады сендерден.

ХОР: «Армандастар-құрдастар»

Мағжан: Қоштасу тойын бастайық,

Ән мен биге басайық.

Өнерімізді көрсетіп,

Құрметіне бұл тойдың.

Ән мен шашу шашайық.

Жансая: Армысың сен алтын ұя мектебім,

Саған айтар жыр алғысым көп менің.

Жүректерге жаққан білім шырағын,

Мақтан етем сені мәңгі мектебім.

Қарлығаш:Мектеп деген білім кені, жыр кені,

Мектеп деген ғылымның ең үлкені.

Мектеп деген тәрбиеші адамға

Мектеп деген даналардың мекені.

Дильнара: Мектебім – білім берер алтын ұям,

Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.

Баулыған 4 жыл бойы ата –анамдай,

Әрқашан қасиетті атың маған.

Тамирис:Арада өтсе дағы дүркіреп жыл,

Әр күні балалықтай бір жүрек бұл,

Өзіңе борыштармын өмір бойы

Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.

Мадиар: Өтті оқу, сан сабақ,

Бүгін үлкен салтанат.

Оқулықпен достасып,

Бастауышпен қоштаспақ

Қош бол, құтты Бастауыш!

Алғыстарым көп менің.

Ақыл - білім, тәрбиең,

Ой-санама еккенің.

Салават: Есігіңді ашқан балаңа,

Құшақ жайдың мектебім сен қуана.

Сол бір сәтті мәңгі ұмыта алам ба,

Сенен артық дүниені таба алам ба?

Мектебім – мәңгі бапкерім

Қарызбыз саған бәріміз

Өзіңе деген парызды,

Ақтаймыз талай әлі біз.

І жүргізуші: Армысың сен , алтын ұя мектебім 

Саған айтар жыр- алғысым көп менің 

Жүректерге жаққан білім шырағын ,

Мектебіме арналады бұл әнім!

ІІ жүргізуші : Олай болса Арайлы  алтын ұя мектебімізге арнап  ән шырқайық!

Ән:
Көрініс: (ортаға қария мен 5 оқушы шығады)

1- оқушы - Ата, ата, арман деген не? - депті жігіт - 

Арман дегеніміз -ақыл-ойдың шындығы. Құс ұшсам дейді, бала өссем дейді, қыз көрікті болсам дейді, ұстаз шәкіртіне үлгі болсам дейді. Арманына адаспаған жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді депті қарт.

2- оқушы ·        Дос табу оңай ма? - депті қарт.

·        Ата, дос табу ақылдыға оңай, ақымаққа қиын.

- Жоқ, балам, өмірде дос табу ақылдыға қиын, ақымаққа оңай. Есіңде болсын, досың ақылды болса, өзің дана боласың, досың бала болса, өзің шала боласың, депті қарт.

3- оқушы - Үйдегі алтын қазығың кім? – депті қарт. - Ата, түйдегі алтын қазық - бала, депті жігіт.

- Жоқ, балам, үйдегі алтын қазық - ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана — ақылшың, әке - қамқоршың, ағаң — қорғаушың, інің — сүйенішің, қарындасың - қанатың. Ананы сыйламағанның ақылы

кем, әкені сыйламағанның жақыны кем, - депті қарт.

4 - оқушы ·        Өмір сүру үшін не қажет? - депті қарт.

·        Ата өмір сүру үшін алтын, ақша, нан, мал қажет, - депті жігіт.

·         Жоқ балам, адамның өмір сүру үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су — тіршілік, от - өмір, тұз - дәм, қыз - сән, ақыл өмірдің нәрін береді.

5-оқушы - Адамға ақыл беретін кімдер? - депті қарт.

- Ата, ана тілі ғой ақыл беретін,-депті жігіт.

- Жоқ, балам, адамға ақыл беретін ата-ана, ұстаз, досы. Ата — ана ақылын баласына айтады, ұстаз шәкіртіне айтады.Достықтың көзі ақылдан басталады, - депті қарт.

І-жүргізуші: Адам өміріндегі ең қымбат жанның бірі – ұстаз. Өйткені оның

көкірек көзін ашып, дүниетанымын кеңейтіп, қиялға қанат қақтырады.

ІІ-жүргізуші: Дұрыс айтасың: Ұстаз еңбегі - ұлы еңбек. Сондықтан да ұлы ақын Абайдың:

Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға Ұстаздық еткен жалықпас Үйретуден балаға, - деп айтуында терең ой жатыр.

І-жүргізуші: Олай болса, келесі өлең жолдарын ұстаздарымызға арнаймыз.

Ербол: Есімде алғаш ұстаздың қарсы алғаны Айқара есік ашып тасталғаны. Бір мереке думан болып осы маңда, Жетелеп бір сыныпқа апарғаны. Енді, міне сағымдай боп өте шықты

4 жыл уақыт аз ба екен, кім біліпті. Ұстаз – ана жасады мына бізден Ел таң қалар азамат бір – бір мықты.

Жансая: Әлі есімде мектепке келгеніміз, Келгеніміз, сыныпқа енгеніміз. Жасқаншақтап, таңырқап тұрған шақта. Өзің болдың ұстазым сенгеніміз!

Дамир:Ұқсаттың ба сіз бізді балаңызға, Ұқсатып ек, біз сізді анамызға. Жақын тарттың, біртіндеп бауыр бастық. Жүргеніңді ұнатып арамызда.

Аминат:Кеп кешегі тосырқау қайда қалған. Шықпаушы едік бір елі айналаңнан. Мейіріңбе, ұстаздық жүрегің бе. Жан дүниесін баланың жайлап алған.

Аружан: Ұстазым ғой әліпбиді үйреткен, Көкейіме көрік беріп, гүл еккен. Мені оқытып, өркенімді өсіріп, Жалындатып, жанарымды нұр еккен.

Ерасыл:Жадыраған жаздай жылы жаны бар, Жақсылықтың шырағы боп жағылар. Қадірлі

ұстаз гүлмен бірге жолдаған Шәкіртіңнің жүрек сөзін қабыл ал.

1-жүргізуші: Айдында аққудай сылаңдаған Біреулер күй, біреулер жыр арнаған Олай болса,Әділбек Ілиястың орындауында «Айжан қыз»күйі

2-жүргізуші: Шықсын енді ортаға биші қыздар Тал шыбықтай иіліп мың бұралған.

Би:флешмоб 1-жүргізуші: Болмасаң да, ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз, - деп Абай атамыз айтқандай ұлы ғұламалар, ұлы адамдар өнегелерін бойымызға сіңірдік.

Көрініс:

«Кітаптар мұңы»

Автор: Мектептің отын қоймасына біреу бір құшақ кітаптар әкеліп тастады. Беттерін шаң басқан бір топ оқулықтар қайда келдік дегендей жан – жағына көзін сығырайта ашып, көршісін түртті.

Математика: Ей, тұрсаңшы! Қайда келдік, тірімісің өзі?

Ана тілі: Ой, мазамды алмашы, бүйткен тіршілігі құрысын. Бұданда парақтарымның жыртылып, желмен ұшып кеткені жақсы еді ғой.

Математика: Не болып қалды? Жалғыз сенің басыңа келді деймісің бұл қасірет. Біздің де көрген қорлығымыз аз емес. Биылғы оқу жылын зорға аяқтап шықтық. Басыңды көтер, жөн сұрайық. Кімсің өзің? Сыртың бүп – бүтін ғой?

Ана тілі: Сыртымды қайтесің? Сыртым бүтін, ішім түтін. Ана тілі оқулығы боламын. Мен үшін қаншама адамдар еңбек етті. Кім үшін? Балалар оқысын, сауатын ашсын, адам болсын деген ізгі ниет еді ғой бәрінікі. Мен де қолымнан келгенше өз бойымдағы білімімді бердім. Сонымен күнім не болды? Сорыма қарай Адырбай деген баланың қолына түсіп (бір күрсініп) о – ой өткен күнім есіме түссе, сай – сүйегім сырқырайды.

Қазақ тілі: Бәріміз де сол, мұңдас болдық досым. Мен Сотқарбай деген баланың кітабы боламын. Әдепті оқулық болып мектеп табалдырығын аттағаныма қуанышты едім. Оным көпке бармады. Ол парақтарымды жыртып алып, кептер жасап, ұшырып ойнағанда қой демеді ғой, анау үлкен ағасы.

Бейнелеу: Ей, е-ей! Біздің Артықбай көзімізді бақырайтып қойып, суреттерімді бастырып, бетімді шимайлады. Бірақ шындығын айтқанда әркім өз дүниесіне ұқыпты болуы керек қой!

Математика: Енді бізді қайтер екен?

Қазақ тілі: Жинап – жинап, отқа тастайды.

Бәрі қосылып: Отқа тастар!!!

Математика: Мүмкін, бір кәдеге жаратар. Түптеуі мүмкін.

Дүниетану: Иә, түптесе мына сені түптер, жалаңаш бізді қайтсін. Жұртқа көрінуге ұялып, бір бұрышта отырған жоқпыз ба?

Бейнелеу: Тұрыңдар, достар! Сыныпта «кітаптар емханасы» бар емес пе? Жүріңдер, кітап дәрігеріне барып көрінейік.

Қазақ тілі: Иә, достар! Келер жылы ұқыпты оқушының қолына түсейік!

Дүниетану: оқулықтың қадірін білетін жақсы оқушылар көбейе берсін!

І жүргізуші: Сонымен қатар үлкен алғысымызды ата-әжелеріміз бен ата-аналарымызға білдіргіміз келіп отыр. Біздің өміріміздегі асыл жандар ол - Сіздер.

ІІ-жүргізуші: Бас иіп, шексіз алғысымызды ақ жаулықты аналарға және қадірлі әкелерге білдіреміз.

1-жүргізуші: Біздің қуанышымыз бен жеңісімізге ортақ болған, бізбен бірге уайымдаған — ата-ана. Олар бізге дүниедегі ең жақын қадірлі адамдар.

2-жүргізуші: Құрметті ата-аналар, біз сіздерге алғысымызды білдіре отырып келесі әнді өздеріңізге арнаймыз.

Хор: «Аяулы анашым»

ІІ жүргізуші: Достар, осы бізді болашаққа не бастайды?

1 жүргізуші: Ата- ананыңақылы Болашаққа деген сенім Ұстаздың көрсеткен жолы

Монолог «Ұстаз туралы»Алимжанова Жансая

2 жүргізуші: Ұстаз! Осынау сөзде қаншама мән – мағына жатыр десеңізші!

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да бәрі –бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан, ұлағатты ұстаздар, сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Хор: Ұстазым.

"45 МИНУТТЫҢ ҚЫЗЫҚТАРЫ"

(МАТЕМАТИКА САБАҒЫ)

Мұғалім: Сенің қолыңда 8 қалам бар.Оның төртеуін досыңа бердің, өзіңде қанша қалам қалды?

Оқушы:Мен оларға бергенше, үйдегі сіңіліме бергенім жақсы ғой.

Мұғалім: Қатты зат килогараммен, сұйық зат литрмен өлшенеді.Ал ара қашықтық немен өлшенеді?

Оқушы: Сызғышпен

(Дүниетану сабағы)

Мұғалім:Табиғаттың негізгі төрт элементін ата!

Оқушы: Жер,ауа,от,.....

Мұғалім: Енді біреуі қандай? Білмейсің бе? Тамақтың алдында қолыңды немен жуасың?

Оқушы: Таптым, таптым, сабынмен!

Мұғалім: Балалар, қалай ойлайсыңдар, осы жерден Ай алыс па,Африка алыс па?

Оқушы: Әрине,Африка алыс.Өйткені біз Айды көреміз,Ал Африканы көрмейміз.

Ашық сабақ болып жатқан кезде...

Мұғалім: Аяулым, Ыбырай Алтынсариннің "Өзен" өлеңін жатқа айтшы.

Аяулым: Артта отырған мұғалімдерден ұяламын....

Оқушылармен ата-аналар өмірінен көріністер:

"Есеп"

БАЛА:Әке, кешегі шығарып берген есебіңіз түп-түгел қате екен.

Әкесі: Не дейді?Мүмкін емес!

Баласы: Ашуланбай-ақ қойыңыз, өзге балалардың әкелері де сол есепті шығара алмапты.

  "Ең қиын есеп"

Баласы: Мама, мен бүгін бүкіл сынып оқушылары жауап бере алмаған сұраққа жауап бердім

Анасы:Өте жақсы, балам, ол қандай сұрақ?

Баласы:"Сынып бөлмесінің терезесін кім сындырды?" деген сұрақ.

  1 жүргізуші: Құрметті қонақтар, біздің қоштасу кешімізге болашақ 1 сынып оқушылары да келіп отыр. Болашақ оқушыларға сөз берейік.

1-оқ: Білім алуға, үлкенді сыйлауға, Отанды қорғауға...

2-оқ:Тәртіпті болуға, еңбек етуге, үлгілі болуға...
Хормен: Ант етеміз!

Каракат: Ғылымды терең меңгеріп, Үмітті сендер ақтаңдар Мектепті үздік бітіріп, Ұстаздың болшымақтаны! Шығыңдар білім шыңына, Аманат осы сендерге Болыңдар үздік тағы да Оқуда және еңбекте

2 жүргізуші: Бүлдіршіндерге бастауыш сыныптың кілтін ұсынамыз.( Бір оқушы кілт тапсырады )

2-жүрг:Құрметті оқушылар, салтанатты сәт келді. Сендер енді 5-сынып оқушыларының антын беру керексіңдер.

1-оқушы: Біз 5-сынып оқушыларының қатарына ене отыра, достарымыздың, ата-аналарымыздың, ұстаздарымыздың алдында...
2-оқушы:Ұстаздардың берген ақылын, білімін, тәрбиесін естен шығармауға...
3-оқушы:Ұстаздардың жүйке-жүйесін тоздырмауға...
4-оқушы:Бес пен төрттің құшағында қалықтауға,сүңгуге...
5-оқушы:Мектеп ішінде жүгірмей,алыспай, жұлыспай, бірақ шапшаң қимылдауға...
6-оқушы:Тақта алдына шыққанда ең үздік қақпашы сияқты бір де бір сұрақтыжауапсыз қалдырмауға...
7-оқушы:Ұстазымның атына кір келтірмеуге...
Хормен:Ант етеміз, ант етеміз, ант етеміз.

ІІжүргізуші: Бастауышым – бал бұлағым, 

Алдым сенен балдың дәмін. 
Әріп танып , білім алып, 
Рахметімді жаудырамын. 
І жүргізуші: Өтті сенде қызық шағым

Бастауышым балбұлағым

Қоштасар күн жетті міне,

Қимастықпен қол бұлғаймын

Қоштасу вальсі

2 жүргізуші: Оқушыларымызға ақ жол тілей отырып, орта буынға шығарып саламыз. хормен Қош бол, балғын балалық

1 жүргізуші: Қош бол, сүйікті бастауышым !

Абзал жан бар биік тұлға байсалды,

Құшақ жая шәкірттерін қарсы алды.

Бүгінгідей салтанатты шақта бір,

Құттықтайды мектеп басшысы баршаңды.

2 жүргізуші: Құттықтау сөз мектеп директоры Балабаева Сауле Абибулаевнаға беріледі

І жүргізуші: Осымен «Аттандық бала шақтан болашаққа!» атты ертеңгілігіміз аяқталды.

Көріп тамашалағандарыңызға көп- көп рахмет. Қош, сау болыңыздар!

 

Просмотров: 426


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст